Home » Ақылдыға, Иман парыз » Бекарыс НҰРИМАН. Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді

Бекарыс НҰРИМАН. Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді

2012 жылдың күзі. Әлі қазанның қара суығы ұрмаған кез. Бес адам болып бақшаға бет алдық. Жол басшымыз Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққошқар ауылының тұрғыны, батыр ана – Қазына әжеміз. Онан бөлек қасымызда әженің 40-тан асқан қызы, 3-4 жасар немересі және менің оператор досым бар. Мақсатым Қазына әжейдің қауынқұрт қайнатып, қақ тілгенін бейнетаспаға түсіру. Жол алыс, жеткізіп болар емес. Ала жаздайғы еңбегінің соңын жинап, тіртінектеген ауыл жұрты жүк көліктерімен бақшаларын көтеріп, ауылға ағылуда. Кенет, Қазына әже: ” балам, анау жол шетінде тұрған қауын тиеген камаздың жанына тоқтасаң, аман-саулығын сұрайық” деді. Сәл аялдадық. Мал-жан амандығын сұрадық. Біраздан соң жол болсын деп тарқадық. Тоқтаған кезде қызы да түсіп, бір кісімен сөйлескен болатын. Көлікке мініп, жүре бергенде ол Қазына әжеден:

– “Апа, жаңа камаздан көрші Ақарық ауылындағы пәленшенің баласы түгеншені көрдім. Менің баяғы сыныптасым пәленше сонымен бірге қауын еккен екен. Ол қайда деп ем, біздің бақшадан 5-6 атыз әріде картоп аударып жатыр дейді. Құрдасыммен сөйлескім келіп еді. Ана бала шын айтты ма екен, оның өтірікті соғатыны жоқ па?” деді. Оған Қазына әже:

–  “Ол кім еді? А-а, Ақарықтағы пәленшенің баласы түгенше ма?” деп сәл ойланды да апасы: “оның өтірік айтатыны жоқ, ол жақсы бала” деді.

Бұл әңгімелерді тыңдап отырған мен қатты таң қалдым. Бір ауылдың баласына көрші ауылдағы құрдастары болса ештеңе емес, он баланы дүниеге әкелген қария әже сипаттама беріп жатыр. Не деген сенімділік, не деген адалдық десейші?

Уақытында Пайғамбарымызға да көпшілік өздерінің бағалы заттарын (сапарға шығарда) сеніп тапсыратын болған. Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді. Міне, осындай адалдық, сенімділік сан ғасырлардан бері біздің бабаларымыздың бойынан да көрініс тауып, бүгінге дейін жетіп отыр. Осындайда, ауылға тартып кеткім келеді, шіркін!

Сіз не дейсіз оқырман?

Сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылғандарды міндетті түрде толтырасыз *

*