Home » Ақылдыға, Иман парыз » Нұрқанат Нұрдәулетұлы. Дүниенің тұғыры –иман, тәуелсіздіктің де…

Нұрқанат Нұрдәулетұлы. Дүниенің тұғыры –иман, тәуелсіздіктің де…

Тәуелсіздік дегеніміз – кез келген халықтың басына бұйыра бермейтін өте қымбат дүние. Адам баласы туа да өзінің бостандығы, бас еркінің азаттағы үшін күреседі. Осы жолда қаншама ата-бабаларымыздың қаны төгілді, қаншама тері төгілді. Қазіргі таңда әлемдегі барлық мұсылман мемлекеттерінің ішінде жер байлығы мен жерінің территориялық аумағы жағынан бірінші орында тұрмыз. Бұл кездейсоқтық дүние емес. Жаратушы иеміздің бізге деген мейірімі мен қамқорлығының арқасы. Әйтпегенде, жан саны отыз миллионнан асатын күрдтардан немесе әлемде жиырма миллионға жетеқабыл ұйғыр жұртынан артық жаратылдық деп айта алмаймыз.

Әрине, халқымыздың басынан небір қиын, небір қатерлі замандар өтті. Әсіресе, өткен ғасырдың басындағы мемлекетшіл тұлғалардың атылуы, жойқын аштық, қолдан ұйымдастырылған зұлматтар біздің рухани һәм демографиялық тұрғыдан әлсіреуімізге әсер етпей қалған жоқ. Соның ішінде аса қатерлі  құбылыс қазақ жұрты сан ғасырдан бері ұстанып келген, мұсылманшылық тәлім-тәрбиеден ажырауға шақ қалды. Бұқар жырау бабамыздың:

Күн батыстан бір дұшпан,

Ақырда шығар сол тұстан,

Өзі сары, көзі көк,

Бастығының аты Поп,

Күн шығысқа қарайды,

Шашын қырмай тарайды,

Құдайды білмес, діні жоқ,

Жамандықта міні жоқ,

Осы сынды бір кәпір,

Аузы-басы жүн кәпір,

Жаяулап келер жұртыңа,

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар ұртыңа,

Жемірлерге жем беріп,

Ел қамын айтқан жақсыны,

Сөйлетпей ұрар ұртына,

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды,

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды,

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан,

Тексізді төрге шығарып,

Басыңа ол күн туғанда,

Теңдік тимес қолыңа… – деп болжағанындай,  дәл осындай кесірлі қиын күндер халқымыздың басынан өтті. Ол жайлы көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың барлығы біледі.

Өкініштісі қазіргі қолымыз жетіп отырған тәуелсіздігіміздің қадірін көбіміз біле бермейміз. Неге десеңіз, олар осы тәуелсіздік жолында бұрынғы ата-бабалары сияқты тер төгіп күрескен жоқ. Сондықтанда, тегін келген жақсылықты бағалай алмай жатсақ ол біздің надандығымыз.

Тәуелсіздікті алу бар да, оны сақтап қалу одан да күрделі. Осы орайда,  өте бір қиын-қыстау алмағайып кезеңде Алланың бұйрығымен  елдің тізгіні Нұрсұлтан Әбішұлының қолына тиюі, әуелі, Жаратқан Иеміздің бұйрығы болса, екіншіден, тағдырдың таңдауы. Демек, тәуелсіздік дәуіріндегі тарихи шешімдер мен іске асып жатқан оқиғаларда Елбасының үлесі жоқ деп айта алмаймыз.

Осы орайда, өткен күндерге назар сала отырып, таным-түйсігіміз жеткен жерге дейін тәуелсіздік жайлы толғап көрелік:

Естеріңізде болса, Кеңес Одағы құлаған жылдары барлық саяси барлаушылар «Қазақстанда тыныштық болмайды, дәрі толы бөшкенің үстінде отырған ел» дегенді айтты. Және осындай үрейдің жетегіне ерген басқа ұлттың өкілдері елді тастап үдіре көшті. Тек 1991-93 жылдар аралығында 3 млн адам көшіп үлгерген. Олар жай кеткен жоқ, баспаналарын қымбатқа сатып, өмір бойы жиған терген мал-мүлкін арқалып кетті. Бұны неге айтып отырмыз, бақылау жоқ, кеден-шекара деген атымен жоқ, елімізді іш-сырттан келген-кеткендер дырдай ғып тонап жатты. Түсінген адамға қандай ауыр күндер еді… Қазір Аллаға шүкір шекарамызды тоқтатып, кеденімізді  бекітіп алдық.

Сондай-ақ көп жыл кеңестік идеологиямен уланған аға буын өкілдері тәуелсіздікті қабылдай алмады. Ұзақ жыл нақтырақ айтқанда, күшігінен бастап цирк манежінде үйретілген жолбарысты қартайғанда орманға жіберсе, өмір сүре алмай (тамақ тауып жей алмай) қайта қашып келгені сияқты, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кадр мәселесінде дәл жоғарыдағы жолбарыстың күйін кештік.  Кейбір социолог ағаларымыз айтып жүргендей, өткен ғасырдың басы 1920-шы жылдары жеке мемлекет құрған жағдайда, оны басқаратын ұлтшыл-мемлекетшіл тұлғалар пісіп жетілді де, мемлекетті болмай қалды. Ал, ғасырдың аяғында, яғни 1990-шы жылдары ғайыптан тәуелсіздік алып, дайын мемлекет пайда болды да,  оны басқаратын ұлтшыл-мемлекетшіл тұлғалар болмады. Біз осындай жағдайда тәуелсіздік алдық та, барлық ауырпалық бір адамға, яки, мемлекет басшысының мойнына артылды.

Осындай тағдыр-талайымыз тар кезеңге тірелген алмағайып заманда елдің тізгінін Нұрсұлтан ағамыздың ұстауы білген адамға өте үлкен табыс болды. Түсінбеген адам үшін бәрі бір. Шын мәнінде Нұрекеңде аспаннан түскен жоқ. Ауылда өскен бір кедейдің баласы. Жоқшылықты да, тоқшылықты да көріп өсті. Бар алған білімі – дома пешінде болат қайнатушы. Кешегі пеш түбінде от көсіп тұрған жігіт, болаттай шынығып шыңдалды…

Егерде тіліміз дамымай жатса, оған сіз бен біздің де кінәміз бар. Тарихта жазылмаған қағида: елде кім күшті патшаға соның сөзі өтеді. Демек орыстың тілі күшті сондықтанда, Нұрекең онымен санауға мәжбүр. Орыстың тілін күшейтіп отырған өзіміздің намыссыз шала қазақтар. Бұл Кеңес дәуіріндегі ұлтсыздық дертінің жемісі. Демек, өзіміз түзелмей, өзіміз өзгермей патша қалай өзгермек.

Патшаны ғайбаттап, қоғамды сынып әмір таппай әлек боп жүрген қазақтарды күнде көрем. Осы ағайындар, сынайын десе патшасы жоқ, ғайбаттайын десе елі жоқ, жұрттардың да бар екенін білсе ғой. Мейлі, қазақ ондайды «ат құлағынан арғыны көрмейтін көрсоқыр» деген. Құдай-ау көп ағайындар өзінің отбасын дұрыс басқара алмай отырып, Елбасын сынағанды тәуір көреді. Елбасын сынау үшін алдымен өзіңмен бірге арақ ішіп жүрген ұлыңды түзе, қырын кеткен қызыңды тиып ал! Сен бір отбасыңа ие бола алмай отырсың, бүтін мемлекеті басқару оңай ма?!

Колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» атты кітабында, өте қызық эпизод бар: Адамдарға ұмытшақтық ауру жабысады. Қазір көрген затын, қолма-қол ұмытып қала береді. Жазушы бұл ұмытшақтық дерттің себебі – халықтың тарихи санасының жойылуынан болатын үдіріс екенін жеткізеді. Біздің қоғамда дәл осындай ұмытшақтық дерт белең алған. Оның көрінісі – адамдар өткен тарихтан сабақ алмайды,  бүгінгі жақсы күндеріне тәубе етпейді. (Кешегі аштан қырылған екі миллион қазақтың бірі болсаң қайтер едің…). Үнемі қоғамға риза емес күйде ренжіп жүреді. Әсіресе, үкіметке міндетсу басым. Бұндай тағдырға риза емес күй кешу неден туады. Бұл дерттің түп төркіні – имансыздық, тағдырға бойұсынбауда жатыр. Бұл да сол өткен Кеңестік қоғамның жемісі.

Ендеше, осындай санасы күйреген халықты басқару қандай қиын. Оның үсітіне халықта біртектілік жоқ. Бір ойға, бірі қырға тартады. Солтүстігі, оңтүстігін жаудай көреді. Жетпіс жылдық дінсіз қоғамда өмір сүрген адамда қандас бауырына деген мейірім қайдан болсын. Осындай күйреген күйде тәуелсіздік келді бізге.

Қазір қандай, мешітің айғайлап азанын шақырып тұр. Түсінген адам осы үшін Аллаға мадақ айтпай ма?! Және бұның бәрі Назарбаевтың дәуірінде болып жатқанын кездейсоқтық деп түсінсең ол қате. Адамға иманнан басқа ешнәрсе қажет емес. Бұрынғы сахабалар, «Алладан қандай сынақ келсе де, ризамыз бірақ иманымызға келмесе екен» деп  дұға етеді екен. Иманның қасында дүниенің құны масаның сынық қанатындай ғана. Қазақ, «иманың кетсе, жиғаның кетеді» деген екен.

Тәуелсіздік жайлы айта берсек сөз көп. Сөз соңында айтпағымыз: ақыл-есі дұрыс адам, өз елін, өз үйін, өз отанын жамандай ма екен. Нұрсұлтан ағамыздың қате-кемшілігі болса, бір Алланың алдында өзі жауап береді. Есеп күні Ұлы иеміз сенен «мемлекетті неге дұрыс басқармадың, бетпақ далаға неге жол салмадың, Арал теңізін неге толтырмадың» деп сұрамайды, «адамдарға (патшаға) не үшін ғайбат айттың, Алла ризашылығы үшін не істедің…» деп сұрайды. Ешдеше, есі дұрыс адам өзіне қатысы жоқ, дүниеге киліге беруден қандай береке таппақ.

Қадірлі ағайын, бұл біздің тәуелсіздік таңын тыныштықпен қарсы алып отырған ағайынға айтар сөзіміз болмақ. Осы күнге жеткізген Аллаға мыңда шүкір!

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылғандарды міндетті түрде толтырасыз *

*