Home » Ақылдыға, Иман парыз » Абай ХАМЗА. Иманды өз жүрегіңнен ізде

Абай ХАМЗА. Иманды өз жүрегіңнен ізде

Жеңіс пен жеңіліс

Ғұламалардың ойларына жүгінсек, пәни дүниедегі жеңістер ақыретте жеңілістерге, ал,  жеңілістер, жеңіске айналуы мүмкін.  Өйткені, пәнилік мақсаттың жеңістерді зымияндықпен қаруланып, залымдығын асырғандар. Жеңіліске ұшырағандар ар-ұят қалқанының астында қалғандар. Ел білетін естеліктерді еске алайық: Ата-бабасынан мұра болған туған жерін жатжұрттықтардан қорғаймын деген Махамбет соғыса-соғыса жолдастарынан айрылып жалғыз қалды, ақыры өз жақындары айласын асырып басын алды. Жеңісі – күші басым арамдарға бас имей кеткені, жеңілісі – сатқындарға аңдаусызда басын бергені. Келісімге келсе жаны қалып, сатылса жауларының құрметіне де бөленер еді. Өйтпеді, өйтсе өршіл өлеңдерінде паш еткен өз мақсатына өзі қарсы шыққан болар еді, ондай жеңіліс өзінің ғана емес, ұрпағының жеңілісі саналар еді. Өршіл өлеңінде айтқандарының шыншылдығын өлімімен көрсетті. Есін жиған есті елдер осындай өлмес ерлерінің үлгілі өмірін ғибрат етіп көркем фильм де түсіріп қойды, шіркін!

Ливияның даңқты батыры Омар Мұхтар италянның отаршыл-фашистерімен жиырма жыл соғысып, жауларының қолына түскенде: «Біз өзіміздің Құдай берген жеріміз үшін соғыстық. Не жеңеміз, не жеңілеміз, бірақ, ешуақытта  құлдыққа көнбейміз! Өйткені, бізден кейінгі Омарлардың күресі жалғаса беруі үшін осылай істейміз!..» деді. Айтқаны келді, оның сондағы адал жеңілісінің соңы азаттыққа ұласты.

Қазақтың  елдігінен айырылып қалмауының сыры осы – көзге көрінбейтін күрес тәсілін үзбей жалғағандығы. Бүкіл қазақтың елдігі үшін басын тіккендер: Исатай, Махамбет, Сырым, Құрманғазы, Кенесары, Есет, Бекет, Жанқожа, Амангелді, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Бауыржан Момышұлы, Қайрат Рысқұлбеков… шығыста Көбеш Асылбек батыр, Көрімбай батыр, Бөке батыр, Зұқа батыр, Ақыт қажы, Қалибек хакім, Рысхан батыр, Оспан батыр…

Әйтпегенде, отаршыл жаулар жер бетінде біреуімізді де қалдырмаудың барлық тәсілін қолданды, елдікті жоғалтудың бүкіл зымиандығын іске қосты…

«Үһ, үш жүз жыл дегенде өлермен көшпенділерді өшірген шығармын!» деп, бір терең тыныс алмақ болғанда қоламта ішінен «Желтоқсан» болып бас көтерген көшпенділер ұрпағы отаршыл – Ресейдің басына қан шаптырып, аяқ-қолын сал қылып, орнынан құлатты…

Жер үшін күрес жеңіспен аяқталғанда енді, елдік үшін күресте есеңгіреп қалдық… Елдік жолындағы күресте жеңіс пен жеңілісті ажырата алмай аңтарылдық, елдік үшін күресте кіммен, немен күресуді біле алмай аңырып отырмыз. Бұл жолда, енді біреуден жеңілуден гөрі өзіңнен өзің жеңілу бәрінен қатерлі. Өйткені, елдік үшін күрескендердің бәрі өзін-өзі жеңгендер еді, дүниеуи нәпсісіне ие болған кәміл мұсылмандар еді. Қазірше жеңген кімдер, жеңілген кімдер екенін айырудың өзі оңай емес, асықсақ уақыты келгенде, асықпасақ ақыретте көз жеткізетін боламыз.

Діннің оралуы

Ата дініміз қайта  келді, деп қуанып жатырмыз. Бірақ, исламның қоғамға келуі мен әр адамның жүрегіне сіңуі екі түрлі нәрсе екен. Қоғамға келгені – күмбезді мешіт болып, көзге көрініп бой көрсеткенімен онда отырған имам имандылықты насихаттайтын Құдайдың құлынан гөрі, халайықтың құрметін дәметкен лауазым иесіне айналса қандай қиын. Осындай кептегі қауымда дін сырт көрініске айналып, қауым иманды өз жүрегінен емес, имамның қызметінен іздейтін өзгеше бір адасушылыққа ұшырайды екен.

Имандылыққа бет бұра алмай, Құдайға құлшылық қыла алмай жүргенінің жаласын, өзінің әлсіздігінен емес, имамның білімсіздігіне жаппақшы! Имам оның үйіне іздеп келіп, жүрегіне қасықпен имандылықты құюға міндетті секілді…

Біздің елде ислам дінінің әліппесін үйретіп, Құдайдан қорқуды уағыздаудан гөрі, ақшалылары асса мешіт салдырып, қалса үлкен ас беруді, шамасы аздары садақа тастап өліге Құран оқытуды – дінге бетбұрыс деп, малданып жүр.

Осындай діни ахуалда имамдардың намаздан кейінгі әсіресе, жұма намазынан соңғы бата дұғасы жаттанды сөз болып келеді. «Ел басқарған асыл азаматтарға денсаулық бере гөр, елімді елу елдің қатарына жеткізе гөр!» дегеннен ары аспайды.

Күнделікті өмірімізде дүниеқоңыздық жолға түсіп алып, өлермендікпен іс-әрекет дұғасымен пәлекет тілеп жатқандармен таласып, нақтылы, шынайы дұға тілейтіндер азайып бара ма, деген ойға қаламыз. Пәлекет тілейтіндерден игілік тілейтіндердің дұғасы артылмаса, үлкен-кіші зауалдардың келуі толастамайды.

Дегенмен, қалың  қауымның ішінде талай тақуалар бар екені күмәнсіз. Олай болғанда – ең әуелі әркім өзін құтқаратын амал қылып, өз жүрегіміз бен ниетімізді тазалауымыз керек екен. Көкірек тазарған соң, кім болса да көзіне көрінген пәлекеттерге қарсы шынайы дұға жасамай тұрмайды. Шынайы дұға жасаған адам сол дұғасының қабыл болуы үшін, орындалуы үшін іс-қызметінде ізгі істер істеуге ұмтылатыны сөзсіз. Асылында шынайы діннің келуі – әркімнің өз жүрегінен басталмақ.

Қауымның адасуы

Дүние ауаны да елді адастырады. Қазір еуропалануды біреулер мақтан санап жүр. Құдайды ұмытып, қу дүниенің соңынан түсемін деп, адамзат тарихында екі рет қанды қырғын жасаған, пайғамбарлардың  жолымен  емес, жәдігөй  пәлсафашылардың  жолын қуған  қауымда  адам үлгі ететін не бар?!

Бізді алдайтыны дүниешілікте олардың алға шыққандығы. Сөйтіп, тіршілік әрекетінде солардың үлгісін алғанын – алға басқандығым, ақылымның асқандығы, артықшылыққа жеткендігім деп, өзін сендіреді. Өзгені де соған сендірмекке жанын салады, өзіне ермегендерді артта қалғандар деп, мансұқтайды.

Неге десеңіз, қашанда, сырт жаңалықтары адамдарды тез еліктіреді. Үй-тұрмыс, киім-киініс, көлік-көпшіктің жаңа түрін солар алдымен қолдана бастады. Соны жасаудың жолын үйрететін оқу жүйесін де солар тағайындайтын болды. Ол оқу – өмір сүрудің мәнін тіршілік ету қарекеті етіп ұқтырды. Былайша, ондай оқудың басты мақсаты тек, нәпсінің қалауларын қанағаттандыратын сыңаржақ оқу, рухани қанағат беретін жүйеден жұрдай дінсіз оқу.

Хақ жолындағы көзі ашық адамдар ондай оқуды «теріс оқу» деп атаған. Оған ақыл-ойын түгел бергендерді «оқу соққандар» дейтін. Ондайлар хақ ілімін үйренуден алыс қалған «көк ми» атанатын.

Біздің көбіміз сол оқу соққандарданбыз. Сол сыңаржақ білімді нағыз білім дейміз, соның тұжырымдарын айнымас дәлел деп сенеміз, тарихқа да, дүниетанымға да солардың көзқарасымен қарауға дағдыланғанбыз. Ақ тон киіп атқа мініп жүрген ізгі ниетті бейуаз адамнан гөрі, айырпыланға мініп, астындағы елді бомбалап жүрген безбүйректі артық санайтын ақымақтық, ақылымызды меңдеткен адасушылармыз.

Енді міне, еуропалықтардың  пәрменімен «жаһандану» атты адасудың тағы бір шытырман жолдарынына түсіп кетіп барамыз…

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылғандарды міндетті түрде толтырасыз *

*