Home » Желтоқсан жыры » Әлібек Шегебай: Қайрат Рысқұлбековтың монологы

Әлібек Шегебай: Қайрат Рысқұлбековтың монологы

Армансызбын..,

Ажалсызбын..,

Азатпын,

Мендегі мұң ғажап әрі азап мұң.

Ұлтым үшін ұлтарақпын,

Аз десең,

Сүйегіммен, сүтіммен де Қазақпын!

 

Көкбөрінің сіңіріндей сірімін,

Сол үшін де ажалсызбын, тірімін.

Шындық үшін құрбандыққа шалынып

Шырылдаған құлындардың бірімін.

 

Талай-талай тоналдым да тапталдым,

Өзімді-өзім жоғалтуға шақ қалдым.

Көк көйлекті көктемеде туылып

Желтоқсанда еріп кеткен ақ қармын.

 

Күңіренсе үн шығады көрден де,

Шертілмеген шерім қанша шерменде.

Өз тіліңде өмір сүріп,

Сонан соң,

Не жетеді өз тіліңде өлгенге.

 

Мен сұрасам – теңдігімді сұрадым,

Теңдігімнің кемдігіне жыладым.

Ай күзетіп Ару сүйер  жасымда

Ақ ажалдың құшағына құладым.

 

Кек алатын  кәріден де жастан да,

Қу тіршілік құпиясын ашқан ба?!

Бауыр қалды өзегіне өртеніп

Ана қалды сүтін сауып аспанға.

 

Тәуелсіздік – Қазақ үшін ғажап құт,

Ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк.

Бөрі мінез Бабалардың арманы –

Айналайын, алтын қанат – Азаттық!

 

Саған құрбан жастығым да жаным да,

Саған құрбан атпай қалған таңым да.

Тереңдігі қабірден де тереңдеу

Менің қайғым – Қазағымның қанында!

Сіз не дейсіз оқырман?

Сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылғандарды міндетті түрде толтырасыз *

*