Home » 10 ғасыр жырлайды » БҰҚАР ЖЫРАУ

БҰҚАР ЖЫРАУ

1668–1781

 

Ей, айтшы Аллаһты айт,

Аты жақсы құдайды айт.

Төрт шарияр Мұстафа,

Мұсқап ашқан ғалымды айт.

 

Тәңірім сөзі Фурқанды айт,

Кәләм Аллаһ – Құранды айт.

Тәңірім салса аузыңа,

Жан жолдасың иманды айт.

 

Жамандыққа жақсылық,

Кектемеген Еділді айт.

Қара қылды қақ жарған,

Наушаруандай әділді айт.

 

Аршы менен күрсіні айт,

Лаухы менен Каламды айт.

Құдыретімен жаратқан,

Он сегіз мың ғаламды айт.

 

Ақтан сия танытқан,

Дәуіт пенен қаламды айт.

Сөйлеу үшін жаратқан,

Сөз анасы сәлемді айт.

 

Тірілікте сыйласқан,

Ата менен анаңды айт,

Адам үшін жаратқан,

Қызықты нәубет балаңды айт.

Өлгенен соң жер жұтқан,

Қаран қалған денеңді айт.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылғандарды міндетті түрде толтырасыз *

*