Home » 10 ғасыр жырлайды » Қаблиса (Қабан) жырау

Қаблиса (Қабан) жырау

Қаблиса (Қабан) жырау

1733-1824

 

Аларда ажал адамды

Аларда ажал адамды жалындырар,

            Өмірді қу ажалға бағындырар.

Өмірден ажал үстем болар сонда,

Адамды елпектетіп табындырар.

 

Біраз күн дүниеге қызықтырып,

Үлде мен бүлдеге орап малындырар.

Құрметтеп дүние шіркін айналдырып,

Мойныңа гауһар, лағыл тағыңдар.

 

Көтеріп көңіліңді көтермелеп,

Әр неге соқтықтырып қағындырар.

Кей жанның мәртебесін биік етіп,

Астына тақ, басына тәж салынар.

 

Дүниеге қолы жетіп тұрғанан соң,

Осыған мәз болады жағымдылар.

Өзі биік болған соң кімге зәру,

Түк білмейтін боп шығар ұғымдылар.

 

Бәрінен де сол артық сертте тұрса,

Ақпейіл сөзге берік тұлымдылар.

Болады кімге теріс ойласаңыз,

Халыққа қайырымды жұғымдылар.

 

Адамнан алады да береді де,

Қайырлы қолы ашық жағымдылар.

Ойлайды абыройын алдыменен,

Ақылды төмен етпей тұлымдылар.

 

Адамның адал ісін арам етер,

Ұялмас ардан кеткен зұлымдылар.

Кей адам көзге былай, сыртқа былай,

Жоқ емес іш ақтарар жырындылар.

 

Мал болсын, адам болсын, жәндік болсын,

Өлімге тегі болмас ешкім құмар.

Жандының ажал шіркін бәріне қас,

Құтылып қалар болса әркім бұғар.

 

Ажалдан құтылатын адам бар ма?

Алысып, арпалысып бәрін жығар.

Несін созып айтайын осы сөзді,

Қайран халқым, жалған сөз емес шығар.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылғандарды міндетті түрде толтырасыз *

*