Home » Ақылдыға, Иман парыз » Жаңа жыл жайлы не білеміз?

Жаңа жыл жайлы не білеміз?

Жетпіс жыл аямай жаншыған, езген, тіліміз бен дінімізден айыруды көксеген, атың өшкір Совет үкіметінен арғыдағы ата-бабамызға қарайтын болсақ, жаңа жыл жайлы жыр жазған жырау, жаңа жыл жайлы толғаған ақын, Аллаһ тағаладан өзгеге тілек айтқан бір қазақты таппайсың. Толарсақтан саз кешкен бабаларымыз, бүгінгі ұрпақтың жаңа жылға құтты болсын айтысып, шампан ұстап тебіреніп жатқанын, Аллаһты ысырып қойып, «аяз атаға» тілек айтып еміреніп жатқанын, шыршаны айналып «тәуап» етіп, қайран даланың көк түтіннен күңіреніп жатқанын көрсе, бұл түрімізден түңіліп, баз кешіп кетер ме еді, кім білсін…

Жаңа жыл десе, менің санама «айрылу күні» деген тіркес оралады. Неге десеңіз, дәл сол күні шайтанның суын ішкендер есінен айрылады, есінен айрылғандар еркінен айрылады, қанша қыздар пәктігінен айрылады, қанша сәби от шашуды қызықтаймын деп, жанарынан айрылады, біреулер қолынан айрылады, тіпті қолындағы «салют» атқышы басын жұлып әкетіп, басынан айрылғанды да көрдік және қанша адам жақынынан айрылып жатыр. Бірақ, сонда да көп жұрт «қаралы күнді» тойлаудан жабысып айрылар емес.

Неліктен дәл осы күні көптеген қайғы орын алады? Не себепті жаңа жыл күні күнәлар көп жасалынады? Осы туралы ойланып көрейікші.

Біріншіден, жаңа жылдың шыққан тегі ‒ Аллаһ тағалаға серік қосуға, яғни «ширкке» шырмаулы. Екіншіден, бұл мейрамның түп төркіні көпқұдайшылдық сенімімен байланысты. Үшіншіден, кемшіліксіз Пәк Аллаһ тағаланың кешірмейтін күнәсі де осы ‒ ширк күнәсі! Түбі үлкен күнәға байланып жатқан жаңа жылдың «сырты нәпсіге ұнамды әшекейлермен қапталған, алайда іші азапқа толы тозаққа» ұқсайтыны да содан болса керек.

Омар ибн әл-Хаттаб (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһтың дұшпандары тойлайтын мерекелерден сақтаныңдар, өйткені ол Аллаһтың ашуын шақырады!» ‒ деп ескерткен. (Muftiyat.kz)

Жаңа жылдың «сенімі» түзу болмаған соң, оны тойлаушының «ниеті түзу» болғанынан пайда жоқ. Қысқасы, Құран мен Сүннетке қатысы болмаған күннен ешқандай қайыр жоқ. Күнәдан өсіп шыққан ағаштың тамыры қанша берік болғанымен, жемісі де сондайлық улы һәм берекесіз болмақ…

Біз, қазақ ‒ мұсылманбыз! Аллаһ тағала әрбір үммет үшін шариғат және жол белгілеген. Аллаһ тағаланың және Оның елшісінің бұйрықтары талқыға салынбайды. Біз ‒ «естідік те бойсұндық!» деп, Хаққа қарсы келмейтін, Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіміз! Біз ‒ бұйырылғанға бойсұнып, тыйым салынғаннан бас тартуға міндеттелген үмбетпіз. Біз ‒ құпталғанға шақырып, құпталмағаннан қайтаруға тиісті болған үмбетпіз…

Бүгіндік күні аузында Аллаһ тағаласы, басында сәлдесі, үстінде қазақы шапаны бар имам кісіден жаңа жылға қатысты жаңа «пәтуа» естірміз деп ойламаған едік. Сезімге беріліп тұрып, яки у-шуға ілесіп кетіп айтты ма екен, әлде тұрғылықты жерінің ахуалына сай сөйлегені ме екен, анығын Аллаһ біледі. Қайткенде де бұлай сөйлеу имамға лайық іс емес еді. Мән берілмей айтылған сөздің салдарынан Аллаһ тағаланың өзі сақтағай!

Бауырым, бұл менің әлдекімді кемсіткенім емес! Көңіл қалауын «құдай» еткен көптің нәпсісіне жаққан «жаңа жыл» үшін, Жаратқанның қаһарына ұшырап кетпесек екен деп шыбын жаным шырылдайды. Адамға жағамын деп жүріп, Аллаһтан алыстап қалмасақ екен деп қорқамын.

Аллаһ тағаланың құзырында ислам дінінен өзге дін қабыл емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ‒ пайғамбарлардың соңын тәмамдаған мөр болса, Ислам діні ‒ Аллаһ тағала қоштап, ұнатқан жалғыз дін. Ал, ислам дінінде мұсылмандарға рұқсат етілген екі мейрам ғана бар: Рамазан айының айты мен Құрбан айт. Мұны көзі ашық әркім де біледі.

Сондықтан, жаңа жыл жайлы өз ойынан пәтуа беруге, жаңа жылды «мұсылмандар үшін де мереке» деп танытуға да, ойлатуға да, тойлатуға да ешбір мұсылман өкілі құқылы емес. Аллаһ тағала: «Кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар ‒ бұзықтар /бойсұнбаушылар/», ‒ деген. (Мәидә сүресі, 47)

Тәпсірші ғалым Абдурахман Саъди: «Аллаһтан түскен ақиқатқа сүйенбей, тек дүниелік мүддесі үшін жалған шешім шығаратындар ‒ имансыздар», ‒ деп айтқан.

Сондай-ақ, дінімізде ықтималдылықпен, болжаммен немесе көңілшектікпен пәтуа берілмейді. Ешқашан ақиқат пен жалған тең болмайды. Адамдардың көңіл қалаулары үшін ақиқат тәрк етілмейді. Аллаһ тағала: «/Ей, Мұхаммед!/ Біз саған Кітапты /Құранды/ ақиқатпен, өзінен алдынғы кітаптарды растаушы әрі оларға куәлік етуші ретінде түсірдік. Енді олардың араларына Аллаһтың түсіргенімен үкім ет. Өзіңе келген ақиқаттан ауытқып, олардың көңіл құмарлығына ерме…», ‒ деп бұйырған. (Мәидә сүресі, 48)

Пайғамбарлар өздерін ұлықтату үшін туылмады…

Пайғамбарлар да, қарапайым адамдар да, жындар да, тіпті барлық әлем мақсатсыз, бос жаратылған жоқ. Дүниеге келген соң «судың да сұрауы бар» екенін бәріміз білеміз. Пайғамбарлар өздерін ұлықтату үшін, өздерінің туылған күндерін тойлату үшін емес, Аллаһ тағаланың бар екенін, бір екенін, тек Оған ғана құлшылық қылуымыз керек екенін, яғни ақиқат пен шындықты, жәннат пен тозақты, өздеріне Раббыдан жүктелген міндетті адамдар арасына жеткізу үшін жіберілді. Аллаһ тағала оларға: «Ей, Елші! Өзіңе Раббыңнан түсірілгенді жеткіз!» ‒ деп бұйырған. (Мәида сүресі, 67) Ал, адамзат ән салып, би билеу үшін емес, Жаратушысын танып, оған құлшылық қылу үшін жаратылды. Бұл туралы Аллаһ тағала: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым /Жын және адамзатты Өзіме ғибадат етулері үшін ғана жараттым/»,‒ деген. (Зәрият сүресі, 56)

Демек, Аллаһ біздерді Өзінің бұйрықтарын, парыз еткендерін орындап, тыйым салғандарынан тыйылып, Өзі көрсеткен жолмен жүруіміз үшін ғана жаратыпты. (Сабуни)

Ақиқатты білсе, христиандар да «жаңа жылды» тойламас еді…

Христиандар Иса (а.с.) пайғамбарды құдай деп сенеді. Пайғамбарды құдай етіп алғандықтары үшін де олар адасты. Ал, жаңа жыл – олардың осы адасқан сенімдерімен байланысты мейрам. Ақиқатты білсе, христиандар да жаңа жылды тойламас еді. Себебі, ақиқи сенімді қабылдаған адам, «Елші не берсе, соны алады да неден тыйса, сонан тыйылып» (Хашр сүресі, 7), Аллаһ тағаланың бұйрығына бойсұнатын болады. Ал, Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қасиетті екі айт мейрамынан басқа, кез-келген өзге сенімдегілердің мерекесін тойлаудан қайтарғаны белгілі.

Аллаһ елшісі (оған Аллаһның игілігі мен сәлемі болсын): «Мұхаммедтің жаны қолында болған (Аллаһ)пен ант етейін, осы үмбеттен қайсыбір яһуди не христиан мені естіп, мен Онымен жіберілгенге иман келтірмей өлсе, ол міндетті түрде тозақылардан болады», – деген (Әбу Һурайрадан (р.а.) Муслим) Бұған қатысты ән-Нәуәуи: «Бұл хадисте Пайғамбардың (с.а.с.) жіберілуі арқылы өзге діндердің барлығының күші жойылғандығы меңзелген…», – деп түсіндіреді.

Яғни, соңғы үмметтің яһудиі мен христиандарына жәннатқа кіру үшін мұсылман болуы міндеттеледі. Ал, мұсылмандарға адасқандар (христиандар) мен қарғысқа ұшырағандардың (яһудилердің) шашбауын көтеруге, оларға ұқсауға, еліктеуге тыйым салынады.

«Кім бір қауымға еліктесе, ол – солардан» екенін ескерткен пайғамбарымыз (оған Аллаһның игілігі мен сәлемі болсын), Ашура күнінің оразасын ұстауда да яһудилерге ұқсамауға тырысқан.

Өйткені, Аллаһ тағала: «Ей, иманға келгендер! Иудейдерді және христиандарды қамқоршы, дос тұтпаңдар! Олар бір-біріне дос. Сендерден кім оларды қамқоршы, дос тұтса, ол шын мәнінде солардан болады. Ақиқатында, Аллаһ әділетсіз адамдарды тура жолмен жүргізбейді», – деп бұйырған. (Мәидә сүресі, 51)

Достым, дүние пайдасы үшін ақиретіңді жоғалтуға не себепкер болса да оны дос емес, дұшпаным деп біл! Бір күндік қызық мәңгілік азапқа түсуіңе себеп болмасын! Аллаһ тағаланың айтқанына қарсы келмейік! Қиямет күні «Үмметім! Үмметім!» деп, біздің жағдайымызды ойлап, Аллаһтан үмметінің амандығын тілейтін пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сеніміне қиянат жасамайық! Бақыт пен береке, қызық пен мереке «жаңа жылға» тіреліп қалған жоқ. Егер айт күндерінен өзге тойлауымызға лайықты бір мереке бар болса, ол ‒ жаңа жылдың тасасында жетім қыздың тойындай қалып қоятын кешегі Тәуелсіздік күні болатын. Аллаһ тағаланың бақ қылып берген сол күнін ерекше құрметпен, шүкірліктің белгісіндей елеулі етсек, мұсылман қазақ атымызға сол жарасар деп білемін.

Әр күніміз де – жаңа күн, жаңа мүмкіндік екенін, аман-есен атырған әр таңымыз да қуаныш пен мереке екенін ұмыта гөрмейік, халқым!

Сіз не дейсіз оқырман?

Сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылғандарды міндетті түрде толтырасыз *

*