Home » Ақылдыға, Иман парыз » “Алтын домбыра” айтысы. Жандарбектің жанайқайы

“Алтын домбыра” айтысы. Жандарбектің жанайқайы

Алтын Домбыра аламан айтысында екі күн бойы тартысты айтыс жасаған ақындардың бір Жандарбек Бұлғақов. Жандарбек қоғамда белең алып бара жатқан қараусыз ата-анамен, қайырымсыз балалар туралы былай жырлады.

Баласын тал бесіктен талмай баққан,
Ата-анаңды аялау қандай мақтан.
Ата-анамды мазақтап жүрген жоқпын,
Бағып жүрмін асатып бал қаймақтан.
Кімнің дүмше екенін мен айтайын,
Адамдар бар тірлігі қан қайнатқан.
Қазақтың даласында бұрын-соңды,
Қарттар үйі болмаған сор қайнатқан.
Ал қазір қаттар үйін салған сайын,
Кінәміз боп барады таудай батпан.
Өзінің ата-анасын сонда апарып,
Балалар бар қабағы қардай қатқан.
Екі этаж катежінен әкесіне,
Бір бөлме бір қуысы болмай жатқан.
Маңдайынан сыйпаған өз анасын,
Балалар бар бетінен жаудай қаққан.
Дүмше деп осыларды айтпайсың ба?
Адамдығы әлі де оңбай жатқан.
Жатырына сыйғызған өз анасын,
Шатырына сыйғыза алмай жатқан.

Тағы бір сөз кезегінде қазақты бірлікке, ынтымаққа, ұлтжандылыққа шақыру мақсатында бар өмірін ел намысына арнаған Мұстафа Өзтүріктей батыр бабасын мысалға ала отырып былай жырлады.

“…Атажұртқа ол елден бұрын жетті,
Жанарын жасқа малып, елім-айлап
Табанын тау мен тасқа тіліп жетті.
60 жасқа толсадағы бір туарым
Көкелерім назарына еш ілмепті.
Есесіне есірген көп әкімнің
Ақшасы болмашыға шығын кетті.
Біздің ел есіл ерін есіне алмай
Мұрнының ұшын ғана күбірлетті.
Ұлты үшін барын берген Мұстафаға,
Удан басқа дым бермей қырын кетті.
Ал Мұстафа келе сап өз еліне
Байқатты тым асқынған бір індетті.
Отанымда мәңгүрттің көптігінен,
Шұбарланып кеткен-ай тілім депті.
Жиырма бес жыл өтсе де содан бері,
Рухымыз әлі біздің тірілмепті.
Дүбара шенеуніктер қазақ тілдің
Жарасын одан бетер іріңдетті.
Қара көз қазақтардың жиналысы
Көк көзді орыстардың тілінде өтті.
Болармыз тілі өлген ел, тірі өлген ел,
Ұлтшылдыққа бұрмасақ бүгін бетті!
Қазағым ел болмайсың жоя алмасаң,
Мұстафа Өзтүрік айтқан бұл індетті.
Өткеніңді тірілте алмасаңда,
Өз тіліңді тірілтер күнің жетті!”.

Жандарбектің бұл сөзінен кейін айтысқа жиналған халықтың қол шапалағы көпке дейін басылмады. Одан ары тағы бір кезегінде айтысқа қолдау көрсетіп отырған «Нұр Отан» партиясының басшыларына халықтың несие алу жағдайын, оны неге алатындығы, не себепті қайтара алмайтындығы жайында ашалап айтып берді. Ал оқып көріңіз.

…Өсімге ақша беріп, ақша алма деп,
Молдалар шырылдайды, дін уағыздар.
Несиені жетіскеннен алмайды ешкім,
Халықтың ісінде де бір маңыз бар.
Сіздерге елдің сөзін жеткізейін,
“Нұр Отандық” көкелер тыңдаңыздар.
Белшесінен былыққа батпау үшін
Халықтың несібесін жырмаңыздар.
Алдыменен жалақыны өсіріп ап,
Артынан жұртқа қақпан құрмаңыздар.
Азық-түлік бағасын қымбаттатып,
Аңқау елді ауыздан ұрмаңыздар.
Тұрғын үйдің бағасы түспесе егер,
Қарапайым халыққа бұл нағыз зар.
Кредиттің көшедегі жарнамасын,
Түбіменен жойғанша тынбаңыздар.
“Несие алсаң көгеріп, көктейсің” деп,
Теледидар айтпасын түрлі аңыздар.
Сөзіміз жерде қалмас деп ойлаймын,
Күңкілдеп айтпаймыз ғой күнде арыздар.
Тәуелсіз Қазақ Елін Құдай үшін,
Банктерге тәуелді қылмаңыздар!”.

Дәл осы сөздер айтылғанда зал ішіндегі тыңдармандар ішінен орыннан тұра шапалақ ұрған ағайындар да болды. Басқасы қайдан менің ойыма Жандарбектің бұрындары бір басылымға берген сұхбаты есіме түсіп кетті. «Қазір кей адамдардың ойынша, айтыскер ақын мемлекеттің жетіс­тігін жырласа – жағымпаз. Кімде-кім билікті даттаса – батыр деген түсінік қалыптасқан. Ақын адам жетістікті де, кемшілікті де қатар қамтып жырлай білуі қажет. Ақындардың не айтып жүргенін залға келіп көрген көрермен біледі. Ал эфирден берілген жағдайда біздің айтылған өткір сындарымыз қысқартуға, яғни монтажға ұшырайды. Сондықтан көгілдір экраннан қара­ғанда, айтыскер ақындар түк айтпаған­дай боп көрінеді. Ақын болған соң жақсылықты да, жамандықты да қатар жырлап, таразының басын тең ұстауы керек деп ойлаймын.»-деген болатын. Бұл жолғы айтыста да Жандарбек ақын қоғамдағы түрлі құбылыстардың жақсылығымен жамандығын егшеп, өлшеп айта білді түсінер жанға!

Сіз не дейсіз оқырман?

Сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылғандарды міндетті түрде толтырасыз *

*