Home » Ұлт жанашырлары ой-пікірлері » Балғынбек пен Мейірбек айтысқанда… немесе әзілшіл Балғынбектің қайғысы

Балғынбек пен Мейірбек айтысқанда… немесе әзілшіл Балғынбектің қайғысы

«Мәңгілік ел – мұратым» атты 2014 жылғы Республикалық «Алтын домбыра» иесін анықталған ақындар айтысында Балғынбек Имашев пен жас жүйрік Мейірбек Сұлтанхан айтысқан еді.

Бір кезегінде Мейірбек:
Қызынады демей ме ер еңбекте,
Қызметімді етейін жедел көпке.
Уа Бәке өзіңіздей бұл күндері,
Қазақ үшін уайым жеген көп пе?
Егіліп елдің мұңын сіз айтқанда,
Екі-ақ елі жетпеуші ед төбем көкке.
Бірақ та бұл күндері сахнаға,
Шығып жүрген жандайсыз тек ермекке.
Айтысқа шыққан сайын ән саласыз,
Шабытың шалдықты екен неден дертке.
«О қала…», «мейлі…» деп салып жүрген,
Әндерің көрермен кенелмек пе.
Тағы қандай хит әнге салады деп,
Сіз шыққанда ел отырад елеңдеп те.
«Мария Магдалена», «чип-чип» деген,
Өскменде айтыпсыз өлең көпке.
Қырғызды шоқ қыздармен шулатып ең,
Бірақ ол іс болмады келер ретке.
Мен сізге ән айтпа деп тұрғаным жоқ,
Әндер бар ғой құрылған мол өрнекке.
Шәмші мен Нұрғисадан шырқасаңшы,
Ән айтқың кеп баратса егер көпке.
«Әннің де естісі бар, есері бар»,
Абайдың айтқан сөзін терең зертте.
Ән-жырын басқалардың не қыласың,
Қалжыңың тұрған кезде берер көпке.
Кешегі Кенендерден келіп жеткен,
Айтыстың өз мақамы көнермек пе?
Ағасы сізге айтатын өтінішім,
Жағдайды бұдан бетер тереңдетпе.
Алтынменен апталған домбырамен,
Арзандау дүниелерді өлеңдетпе.
Қазақтың қасиетті төл өнерін,
«Қызыл өрік», «шоқ қызбен» төмендетпе. – деп қайырғанда зал дүркірете қол соқты. Енді Балғынбектен жауап күтті. Балғынбек байыппен былайша жауап қайырды:
Мейірбек, өлімнен де ұят ұлы,
Менмендікке бастайды рия түбі.
Жеті томдық кітапты оқысаңшы,
Айтысқа шығасың ғой жиы ақыры.
Айтыста қандай жаман інілердің,
Ағасын қиянатқа қиятыны.
Сарбас ақын құлақ бұрап мұртын қаққан,
Бұл да шоудың ақылға сыйятыны.
Шашубай құйрығымен жорғаласа,
Айтыста алшы түскен жиі асығы.
Кененнің «Ой жайлау» мен «Көк шолағы»,
Айтыстағы әндердің қия шыңы.
Айтыста ән айтуды допинк деген,
Мейірбектің бар ма екен, ми, ақылы.
Әуезов Мұхтар ағам айтып кеткен,
Бұл айтыс қазағымның театры!

Сіз не дейсіз оқырман?

Сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылғандарды міндетті түрде толтырасыз *

*