Home » Желтоқсанға арналған іс-шаралар » Қайрат Рысқұлбековке арналған кеш қалай өтті?

Қайрат Рысқұлбековке арналған кеш қалай өтті?

Өткен аптада Алматыдағы Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында “Жәдігер” қоғамдық бірлестігі мен kazaitys.kz сайтының ұйымдастыруымен “Қайрат деген атым бар…” атты Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың құрметіне арналған әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш бұл күнде ел арасына кең тараған, қазақты елдікке, азаматтардың қадіріне жете білуге шақыратын“Біздің елдің жігіттері” әнімен ашылды.

Енді желтоқсанның қар-мұзын жастық жалындарымен еріткен, елдің тәуелсіздігі жолында қанын берген, жанын берген боздақтарды жырлауға ақындар шықты.

Қылыштай қылшылдаған Асхат Қылышбек пен мақамы маңғаз Рауан Қайдар айтысты. Асхат 86-жылдың түлегі екен, Рауан 91-дің тумасы. Соған орай Асхат мен өмірге Кеңестің қабырғасын қақыратып сөге келгем десе Рауан “Тәуелсіз 91-де мен туылып, сен жылатқан халықты мен жұбатқам” деп қайырды. Осылайша өздерінің өмірлерімен өре отырып шын жүректен төгілген жыр көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады.

Одан кейін сахнаға Қайсар Қауымбек бастаған алматылық жас ақындар кезек-кезегімен Желтоқсан боздақтарына арналған жырларын оқыды.

Сахнаға Қайрат Рысқұлбековтың туған інісі Талғат Рысқұлбеков шықты. Қайраттың атылар алдындағы ақтық сөзін қайталай бір оқып тұрып “Осыны оқтаулы мылтықтың алдында тұрған 21 жастағы жігіттің сөзі дегенге кім сенеді?” деп сөз бастағанда зал тік тұрып қол соқты.

Батырдың інісі желтоқсан кезіндегі жағдайды, ағасының  соттағы сөздерін, анасына жазған хаттары туралы айтқанда ерліктің ерен үлгісі Қайрат Рысқұлбекке тағы да тәнті болды дүйім жұрты.

Жәдігер” жобасының айтысында бір қызық айтыс, “Құлманбет айтыс” деген бар. Астанадағы болған айтысты сайтымыздың аудио бөлімінен тыңдаған біраз жұрт біледі. Ауыздан ауызға таралып кетті қазір. Сондай айтыс бұл жолы да тамаша шықты. Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Талғат Мықи, Қанат Мырзахан сынды төрт ақын сахнада қатар отырып айтысты. Жұрт қыран-топан күлкінің астында қалды. Әзілдей отырып әдемі жеткізілген наз да көп. Жандарбектің Цуканов пен Әбденовтың оқиғасын айта келіп “қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, жұмыртқамен атасып жатқан елім”  деген салмақты сөзі жұртты күлдіре отырып күрсінтті.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалау тыныштықтың символы. Сол жұмыртқа шайқалып, балапан болып шығу керек, ал біз ол жұмыртқамен атысып балапан боларға үлгертпей жатырмыз-ау дегендей ойдың ұшығын сабақтайды.

Алғысбек Дәуен деген азамат. Қытайдан келген қандасымыз. Өткенде “Жәдігердің” жобасында терме орындаған болатын. Екі көзі туада көрмейтін Алғысбектің көкірек көзі қандай өткір! Кейбір алақандай көзі бар ақымақ бас көтеріп жүрген пенделерге қарағанда Алғысбектің ақылы адамды тәнті етпей, таңдандармай қоймайды. Өзі ағылып тұрған ақын. “Жанарыммен көрмесем де өзіңді, қайран отан сүйіп өтем мен сені” деп елге, жерге сағынышын төгіп, қазақтың бұрынғы өткен тұлғаларын тізбектеп тұрып жырға қосты.

Кеш жүргізушісі, «Жәдігер» қоғамдық бірлестігінің директоры, ақын Мейіржан Әлібеков сөзге алып, Алғысбектің мешіт қызметкері екендігін тілге тиек ете отырып, өзінің “Тәубеңе кел” деген өлеңін оқыды.

Тәубеңе кел!

Таудан биік секілденіп талғамың,
Ардан биік секілденіп арманың.
Пенделікпен ұмытасың тәубеңді,
Сынағына шыдай алмай Алланың.

Ай мен күнге өптіргенге шекеңді,
Көлгірсисің көрмедім деп шетелді.
Тәубеңе кел, шетел түгіл зағиптар,
Көре алмайды өзі туған мекенді.

Қошемет те көрмесеңіз несі бар,
Бар жағдайды ақылменен шешіп ал.
Жылы сөзді естімеген кезіңде,
Керең болып туғандарды есіңе ал.

Тәубеңе кел пенде болсаң есі бар,
Сабырсыздар қадірсіз боп тосылар.
Дүниеге қолың жетпей қалғанда,
Қос қолы жоқ пенделерді есіңе ал.

Бақыт мәңгі тұрсын десең басыңда,
Қанағат қыл, ашуланба, тасынба.
Көлігім жоқ деп ренжуің бекерлік,
Аяғы жоқ адамдардың қасында.

Топ алдында төрге озғың кеп төтеден,
Тым болмаса айтпадым деп екі өлең.
Ақын болып тумадым деп налисың,
Мылқау болып туғаныңда не етер ең?

Әркім айтқан құлақ түріп пікірге,
Бой ұрасың бейберекет күпірге.
Тау мен тасқа соға бермей басыңды,
Аман-есен жүргеніңе шүкір де.

Көрермендерге іштей “шүкір, шүкір Аллаға” дегізген өлеңінен кейін Мейіржан сахнаға қазайтыс сайтының жетекшісі, ақын Ұларбек Нұрғалымұлын шақырды.

Ұларбек оқыған “Желтоқсан алаңынағы жыр” деп аталатын өлең төмендегідей:

Ұжданымды ұлтан етпек табанға,

Қарғыс айтып қан соқталы зауалға.

Айналып жүр қазақтың кең аспанын,

Ұлы ерліктің сыймас жыры қағазға.

 

Ей, намыстың найзағайдай ұлдары,

Қызыл тілін қылыш еткен қыздары!

Қанды тарих қалшиып тұр мәңгіге,

Жанарында – Желтоқсанның ызғары.

 

Не көрдің сен қара жұлдыз, қара аспан,

Қан жұттың ба сен де қайсар қазақтан.

Өрімдей қыз өлмес ерлік жыры боп,

Саған қарай рухы ұшып баратқан.

 

Жер бетінде жеңіс алған белестер –

Есіл бабам ерлік қылған егестер…

Желтоқсанда қайта шауып басына,

Буырқанған бабам қаны емес пе ол!

 

Оу, мені кім дейсің?!

Қарсы алдымда хас жауымның қаңқасы,

Қос қолымда Қобыландының балтасы.

Азығыма ақ анамның малтасы,

Азуымда найза таудың жаңқасы.

Қонысыма көз қызартқан қалмақтың,

Қанжығама басын берді қаншасы.

Тұлпарының тұяғымен сызылған,

Қазақтың бай даласының картасы.

 

Ей, ұлы Алаң,  лаңды Алаң!

Өзен шайып, өте алмайтын қанды Алаң.

Қара жерден шөлі қанған сенсің-ау,

Қан мен жасқа әлі шөлі қанбаған.

 

Сұрап алып сұрқы кеткен айдан нұр,

Азаттыққа арпалысқан майдан бұл.

Құрмет саған, Желтоқсандық боздақтар,

Өшпейтін жыр бұл- алаңға ойған жыр!

 

Солмайтын гүл, бұл алаңға қойған гүл,

Солмайтын гүл ойсыздарды ойландыр.

Орысшалап қала қызы қарқылдап,

Бір-біріне қар лақтырып ойнап жүр…

 

Кім бар енді тағдырына үңілер,

Босамаған болат жүрек, сірі қол.

Жалғыз өзі жаттап жүр ме ішінен,

Тас түрменің жазып болып жырын ол?

Қатал уақыт заулап бара жатыр-ау,

Әділетті әлі іздеп жүр тірілер.

 

О, желтоқсан ажадаһмен алысқан,

Соған жаны жігеріңді жанытсаң.

Қайраттардың рухын айт алдымен,

Жер бетінде қай қазаққа жолықсаң.

 

Жасыл шарда қазақ деген атыммен,

Қанаттасып ұшып барам ғасырмен.

Желтоқсанда жауап бергем жаһанға,

Бодандыққа бағынбайтын басыммен!

Шатырлаған шапалақ сейілгенде сөз алған сайт жетекшісі өмірден ерте озған қазақтың сүйікті ұлы, орақ тілді Оразәлі жайында сөз қозғай келе, соңында қалған екі тұяғы – Нұрайша мен Нұрсұлтанға сайт атынан жүз мың теңге беріп жіберетінін айтты. “Мұны олар жыртығын жамасын, кемтігін толтырсын деп емес, олар өздерін Оразәлідей халықтың қадір тұтар ұлының балалары екендігін сезініп, еңсесін тіктеп жүрсе екен деген ниетпен беріп жатқанымыз” деді. Әрине ол ниетті құптаған халық аямай алақан соғып ықыластарын білдірді.

Енді  ортаға батырдың інісі Талғат қайта шақырылып, кезінде желтоқсанға қатысқан басқа да азаматтардың аттары аталды. Және сол залдағы бірнеше желтоқсаншы азаматтарға шапан жапты. Олардың ішінде атақты жырау Бекболат Тілеухан да бар. Талғат мырза Бекболат жайында арнайы тоқталып: ” Бекболаттың елді алаңға шақырып өлең айтқанын біреу білсе, біреу білмес. Өзі айта бермегенмен желтоқсанның тарихи құжаттары, суреттері айғақ. Сондықтан бұл кісіге желтоқсаншылар ұйымының атынан шапан жабуға ұйғардық” деді.

Енді сахнада домыбырасымен қалған жырау Ақтанберді, Қазтуғаннан бері қарай дауылдатты дегейсіз. Сөз, өлең, жыр, домбыра алма кезек арындайды. Бірін-бірі басып ентелейді. Алматының жұртын Бекболат, Бекболатты Алматы жұрты сағынып қалғанға ұқсайды. Сағатқа жуық сарнатты. Сарығын баспай түсірмеді.

Кеш соңында “Елім менің” әні бастала бергенде-ақ зал орындарынан тік тұрды.

Қайраттай азаматтардың қазақы рухынан нәр беріп, ұрпақты ұлтсүйгіш ұлан етіп тәрбиелеуді мықтап қолға алу керектігін ұқтыруды мақсат тұтқан кеш мәреге жетті.

 

Оңғарбек НҰРҒАЛИ

“Айтыс” сайты

Сіз не дейсіз оқырман?

Сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылғандарды міндетті түрде толтырасыз *

*