Home » Ұлт жанашырлары ой-пікірлері » Қажет АНДАС. Тәуелсіздік – ел тілегі

Қажет АНДАС. Тәуелсіздік – ел тілегі

Өзімізді қаз сияқты жаны таза, ары ақ халықпыз деп мақтануға дайын тұрамыз. Әрине, әр заттың екінші қыры боларын ескере отырып, осы сөйлемге жіңішкелікпен үңіліп көрелікші?! Француздың әйгілі жазушысы Ромен Роллан: «Әй, еркіндік, еркіндік, сен бағалысың, десе де,  әлемде қаншама зұлымдық сенің атыңды пайдаланып жасалып жатыр» деген сөзіне жүгінсек, атантүйе көтере алмас азаматтығымыздың қалқасында жатқан әлсіздігімізді аңдауға болады. Алайда, кезқұйрыққа кез болғанда басымызды қоға мен қамысқа тығып алып, ол кеткен соң тынық даланы ұлан-асыр шу қылатынымыз жоқ емес. Барлап қарасақ, жоңғарға да жұптасып шаппадық… Кенесары ханның басын да орысқа қос қолдап ұсынған өзіміз, барыс жылғы қызыл қырғында арыстарымызды атқан да, абақтыға жапқан да, Итжеккенге айдатқанда тағы біз. Иә, оның бәрін өткеннің еншісіне қалдырып көңілімізді жұбатуға болатын шығар. Ал, тәуелсіз ел болғаннан кейінгі ұлттық рухымызды  көкбөріше жұлмалап жүрген есерлігімізге не дауа?

Көкбөрі демекші, берсе қолынан, бермесе жолынан жұлқып алатын қасқыр мінезіміз де бар. Сол батырлығымыз жатқа емес, жақынымызға көрсететін дөң айбат екенін қалай жасырамыз. Жасырғанымыз емей не? Кеше он қазақтың ортасында бір орыс отырса, бәріміз оның шашбауын көтеріп, соның тілінде сайрадық. Саясаттың қысымынан имендік деп ақталамыз. Ал, бүгін оның керісінше болуы керек еді. Не шара, әлі де сол сарын. Басқасын айтпағанның өзінде, Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенді кәперімізге алудан қалдық. «Ымды білмеген дымды білмейді» демекші, биік-биік мінберлерде жарқын үнімен жалпыны елітетін қасиетті тілдің қадірі қашқаны былай тұрсын, жиын залында қалың қазаққа орысша білгірситін шешендер көбейіп барады. Мұның өзі еркін болдық десек те, еңсемізді басқан құлдық қамытынан арыла алмағанымыздың айғағы.  «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, айтылып та, жазылып та жауыр болған тақырыпқа мән бермесек те болар еді. Бірақ, қазақ тіліне деген менкеттілік пен менсінбеушілік басқа да құндылықтарымызға өзіндік ықпал етуде. Соның бірі, Қазақстанның ең ұлық мерекелерінің бірі болуға тиісті Тәуелсіздік күніне деген самарқау көзқарас пен салқын қабылдауда болып тұр. Желтоқсан айы туысымен қала мен даладағы ағайындар жаңажылдық шыршаны жабдықтап, арналарымыз Аяз ата мен Ақшақарды әспеттейтін көріністерге толып алды. Мектеп оқушылары мен балабақшадағы балдырғандар Жаңа жылға арнау өлеңдер жаттап, сыйлық дайындап қызылтанау болып жатады. Ал Жаңа жылдан жарты ай бұрын келетін Тәуелсіздік күні «Барына Пайғамбар риза болыптының» керісін киіп, алаңға жиналып, арнау сөз сөйленуден аса алмай келеміз. Міне, осылай тәуелсіздік күніне деген құрмет қалтамызды қағып, қарық болып қалатын жаңажылдық қызықтың қалқасында қалып бара жатқаны жаныңды мазалайды.

Барлап қарасақ, бұл атаулы күн әлдекімдердің қолайына жақпайтын сыңайлы. Беделін түсіріп, атағын өшкіндетіп  жіберетіндей қорқа қарайтындар да жоқ емес? Оның бір себебі, атаулы күн Кеңестер Одағының қабырғасын қақ айырған Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің құрметімен тұспа-тұс келгеніне байланысты болса керек. Әрине, мұнан жастарымыздың ерлігі ескерілмей жатыр деген ұғым шықпайды. Десе де, «батырлық» тек Бауыржан Момышұлы мен Желтоқсанда жанын қиған жастарға ғана тән болуы керек еді. Керісінше, қазір ауылымызда ұлт қаһармандары өріп жүр. Алайда, бабалар ерлігінің жалғасындай балаларды толғандыратын бастама жоқ. Егер 80-жылдардың жастарымен әңгімелесе қалсаң, көтерілісте бәрінің де үлесі бар сияқты. Сол тұста жоғары лауазымды билік тізгінін ұстап, төңкерісті қаралап, қазақ жастарын «нащақор, алқаш» деп айыптап, абақтыға жапқандар мен трубинада оларды даттап жалынды сөз сөйлегендер де қой терісін киіп шыға келгені қызық. Эстраданың еріккен әуеніне еліткен жастар «Қарабауыр қасқалдақ» әнін ұмытқаны қашан! Несі бар, тірілерге батырлық лауазым жетпей жатса, арыстарымызды ойлайтын уақыт қайда? Иә, желтоқсанда кеудесін суық ызғар мен аяусыз соққыға тосқан өрімдей  жастар енді қайтіп келмейді. Біздің түріміз мынау. Иә, мұнайлы елміз деп етегімізді кеңге салғанмен, рухымыз былығып бітті. Тым болмағанда алажаздай аулаңды тазалап, баспанаңды тұрғызып қайтатын алашапанды ағайындардан ұялмадық. Қалтамыз қалың деп шалқақтайтын шығармыз, ертең мұнайың мен ураның суалған-да көкек болып көкектеп, бытпылдық болып бытырап кетпейсің бе, тіліңде бірлік, діліңде берік бекем болмаса.

Тәуелсіз ел болдық. Елбасы бастамасымен қолға алынған 2030 жылға деген жоспарымыз да бар. Барлап қарасақ, ТМД елдерінің көшбасында келеміз. Ешкімге жалтақтамай, басқаның жылтырағына елітпей егемендігімізді нықтауға болар еді. Шара не? Желтоқсанды ұлықтау емес, ұлдарын аман алып қалу үшін қызын жарты қап арпаға айырбастаған өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы аналарымыздай ақылымыз болмағанына ұялсақ етті. Исатай мен Махамбет, Кенесары – Науырызбайдан кейін ендігі ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің үлгісі желтоқсандағы жастардың рухы болуы керек еді. Шара не? Қазірше оны ескерген кімдер? Біз өткенді ескеруді ұмытсақ, келешек бізді қалай қадірлесін.

«Namys.kz»

Сіз не дейсіз оқырман?

Сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылғандарды міндетті түрде толтырасыз *

*